Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі-ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында Түркістан облысында алғашқы «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығының ашылу рәсімі өтті.
Жаңа орталықтың ашылуына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, «Қазақ Тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, университет ректоры Жанар Темірбекова.
«Coursera курстары – өңірлік 25 университеттің 20 000 студентіне қолжетімді. Қазірдің өзінде платформада қазақ және орыс тілдерінде 50-ден астам курстар бар. Бағдарлама қазақ тіліне локализацияланған 600 курсқа дейін кеңейтілуде. Алдағы үш жылда 100 000 қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасын қолдана алады деп күтілуде», – деді министр.
Университет базасында құрылған Coursera орталығының мақсаты – Түркістан облысы бойынша Coursera курстарын насихаттап, тарату арқылы әр түрлі сала мамандары үшін біліктілікті арттыру орталығына айналу.
Сондай-ақ, «Turkistan EdTech Lab» орталығын таныстырған Рауан Кенжеханұлы орталықтың міндеті жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы сапалы білім беруді арттыру екенін айтты. Әрі университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттері үшін білім мен дағдылардың қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін тілге тиек етті
Сонымен қатар, Coursera платформасын пайдаланушылар үшін қазақ тілінде жаңа дағдылар мен білімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында Yasawi университеті мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасында өзара серіктестік орнатылды.
Бұл орталық Ахмет Ясауи университетімен және Қазақстандағы «Coursera» білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill»-мен өзара ынтымақтастық туралы келісім негізінде құрылған. Қазіргі уақытта орталықта 360 оқытушы оқыса, курстардың жалпы саны – 650 құрайды.
«Министрліктің, университетіміздің бізге берген мүмкіндіктерінің арқасында бірнеше курстардан өткен оқытушы ретінде Coursera курстары бізге көптеген артықшылықтар береді, өйткені олар біздің дағдыларымызды, білімімізді және мансаптық перспективаларымызды арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бұл платформа арқылы біз үнемі жаңартылып тұратын жоғары сапалы мазмұнға, мәліметтерге қол жеткізіп отырмыз. Себебі Coursera әлемнің жетекші университеттерімен және институттарымен серіктестік аясында әр саладағы үздік сарапшылар оқытатын сапалы курстарды ұсынады. Ең басты айта кететін жайт, Coursera курстары адамдарға салалық трендтерден хабардар болуға, жаңа дағдыларды алуға, үздіксіз кәсіби дамуға және мансаптық өсуге көмектесу үшін жасалған», – деп атап өтті стоматология факультетінің ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан, Зертханалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Нұрсұлтан Нұрдинов.
Automated page speed optimizations for fast site performance